Log in to star items.
Accepted Paper
Abstract
Жазу дағдыларын қалыптастыруда жанрлық тәсілдің маңызы ерекше. Жанрлық тәсіл мәтіннің құрылымын түсінуді жеңілдетеді. Студенттердің жазу барысында кездесетін негізгі қиындықтарының бірі мазмұн мен мәтін құрылымын талапқа сай дұрыс ұйымдастыра алмауы. Бұл мәселе сипаттау жанрында айқын көрінеді.
Әр жанрдың өзіне тән лексикасы, баяндау түрі, өзіндік мақсаты, стилі, композициясы әртүрлі болады. Ресми жанрда нақты, бейтарап тіл қажет болса, көркем жанрда бейнелі, эмотивті сөздер қолданылады. Мәселен, эссе, хат, баяндама, әңгіме, т.б.. Студенттер осы ерекшеліктерді меңгеру арқылы ойын жүйелі әрі нақты жеткізуге үйренеді, тілдік стильдерді ажыратып, оларды мақсатқа сай пайдалану қабілетін дамытады. Сондай-ақ, кез келген ақпаратты қиындықсыз меңгереді. Ғалым З.Күзекова айтқандай, жазып жатқан жанрға қарамастан, жазу стилі бірдей болуы керек – анық, қысқа, сәйкес сілтемелер болуға тиіс.
Жанрлық тәсілдің түрлері көп. Олар сипаттау, түсіндіру, мазмұндау жанрлары және т.б., Баяндама аясында сипаттау әдісінің теориялық және практикалық қырлары жіті қарастырылады. Бұл жанр тек лингвистикада ғана емес, барлық салаларда кездеседі. Мысалы, объектілер сипаттамасы, жүйелердің сипаттамасы, процестің сипаттамасы, физикалық сипаттама, позицияны сипаттау, т.б.. Студенттердің жазба жұмыстарынан үлгілер, тапсырмалар үлгілері талқылауға ұсынылады. Сонымен қатар, сипаттау жанрын студенттердің сыни ойлау қабілетін дамыту құралы ретінде қарастырып, халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады.
Жұмыстың өзектілігі сипаттау жанрының заманауи коммуникацияда маңызды орын алуымен негізделеді. Жұмыстың практикалық әлеуеті зор, себебі сипаттау жанры тілдік құралдарды орынды қолдануға үйретеді. Бұл жазу құзыреттілігінің маңызды бөлігі. Белгілі бір үлгі мен құрылым болған кезде, студент өз ойын еркінірек жеткізеді және қателесуден қорықпайды. Сонымен қатар, бұл жанрлық тәсіл студенттердің функционалдық сауаттылығын дамытады. Яғни, олар өмірде кездесетін түрлі мәтіндерді дұрыс жазып, түсіне алады.
Қорытындылай келе, жазу әртүрлі дағдылардың үйлесімін қажет ететін күрделі процесс. Зерттеушілердің пікірінше, ол когнитивтік, визуалды, тұжырымдамалық сипатқа ие (Farooq және басқ., 2012). Ал, сипаттау жанры жазу дағдысын жүйелі, мақсатты және тиімді дамытуға мүмкіндік беретін маңызды педагогикалық құрал. Ол тек тілдік білімді ғана емес, ойлау, талдау және коммуникация қабілеттерін де қатар дамытады.
Academic Writing in Higher Education